Қарағандыда «Мектепке жол» акциясы басталды

Қарағандыда «Мектепке жол» акциясы басталды

Биыл жыл сайынғы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы бір ай бұрын басталды. Шара 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Қарағанды облысының білім басқармасы мемлекеттік органдарды, кәсіпорындарды, ұйымдарды, жеке кәсіпкерлерді және жанашыр қарапайым халықты балаларға жаңа оқу жылына дайындалуға көмектесуге шақырады. Оларды киім-кешекпен, мектеп керек-жарақтарымен және кеңсе тауарларымен қамтамасыз ету қажет.
- Биыл «Мектепке жол» акциясы «Жүректен жүрекке!» ұранымен өтеді. Оның мақсаты – аз қамтылған отбасынан шыққан оқушыларға көмек және қолдау көрсету. Сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен болуы себептермен мектепке бара алмайтын балалардың мәселелеріне қоғамның назарын аудару, - деп түсіндірді Қарағанды қаласы білім бөлімінің бас маманы Ақыл Есенбеков.
Барлық сұрақтар бойынша келесі телефондар арқылы хабарласуға болады: 8 (7212) 343413, 343428, 507881.
«Мектепке жол» акциясы Қазақстанда 2008 жылдан бастап Елбасының бастамасымен өткізіліп келеді. 2018 жылы акция «Мен балаларға көмектесуді таңдаймын!» деген ұранмен өтті. Сол кезде Қарағанды облысында 25 000-нан астам оқушыға көмек көрсетілді.