
Жекпе-жектің ұлттық түрі бойынша Қарағанды облысының біріншілігінде 160-тан астам жас спортшы өз күштерін сынады. Жеңімпаздар Қазақстан чемпионатына жолдама алды.
Жекпе-жек бойынша біріншілікке өңірдің күрес клубтарынан, сондай-ақ спорт мектептерінен 15 команда қатысты. 164 спортшы 27 салмақ дәрежесінде сынға түсті. Чемпионат ұйымдастырушыларының айтуынша, барлық қатысушылар жақсы дайындықтарын көрсетті.
– Күрес қызу өтті. Жас болғанына қарамастан, спортшылар чемпионатқа мұқият дайындалып, барынша күш салды. Олардың білектесуін тамашалау өте қызықты болды. Олар кейде тіпті ересек балуандар да дұрыс қолдана алмайтын барлық техникалар мен тәсілдерді пайдаланды, – деп атап өтті Қарағанды облыстық жекпе-жек ұлттық спорт федерациясының президенті Әділет Нұрмадиев.
Жарыс екі күнге созылды. Нәтижесінде командалық есепте бірінші орынды Пришахтинск балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері алды. Екінші орынды Қарқаралы командасы алса, үшінші орынды Приозерск қаласының спортшылары иеленді. Жеңімпаздар келесі жылдың басында өтетін ел чемпионатында Қарағанды облысының намысын қорғайтын болады.