
Қарағандының ТБӨ зауыты маңындағы шағын ауданда жаңа отбасылық денсаулық орталығы салынады. Қазіргі таңда медициналық мекеменің алдын ала жобасы дайын. Ендігі кезекте болашақ ғимарат бой көтеретін жер телімі анықталуда.
Жаңа отбасылық денсаулық орталығы Гиппократ медициналық фирмасының есебінен ТБӨ зауыты маңындағы шағын ауданында салынады. Ғимарат модульді болады, бұл құрылыс мерзімін қысқартуға мүмкіндік бермек. Жаңа орталықтың жалпы аумағы мың шаршы метрден асады, пайдалы алаңы - 700 шаршы метр.
Жоба бойынша ғимаратта күндізгі стационар, физиоемдеу кабинеті, дәрігерге дейінгі, қарау және егу кабинеттері орналасады. Қабылдауды жалпы тәжірибе дәрігерлері мен акушер-гинекологтар жүргізеді. Салалы мамандар пациенттерді жылжымалы кесте бойынша қабылдайтын болады.
Қазір «Гиппократ» МФ әкімшілігі, Денсаулық сақтау басқармасы мен Қарағанды әкімдігінің мамандары бірлесіп болашақ ғимаратты салу үшін орынды анықтауда. Олар бірнеше сәйкес келетін алаңдарды қарастырып, содан кейін жергілікті тұрғындардың пікірін ескере отырып, ең ыңғайлысын таңдауды жоспарлап отыр.
Қазір отбасылық денсаулық орталығы бұрынғы тұрмыстық комбинат ғимаратының екінші қабатында орналасқан. Емханада жөндеу жұмыстары жүргізіліп, дәрігерлер кабинеттері толық жабдықталған. Мүгедектер үшін жақын арада бұл жерде шынжырлы көтергіш орнатылады. Орталықты бұрынғы орналасқан ғимараты апаттық жағдайда болғандықтан ол жерден көшіруге тура келді.
- Біз бірнеше апта бұрын тұрғындармен кездестік. Сол кезде біз "Гиппократ" фирмасының басшылығымен алаңдарды кеңейту және жөндеу туралы келісімге келдік. Үш апта ішінде толық жөндеу жұмыстары жүргізіліп, алаң кеңейтіліп, жаңа кабинеттер ашылды. Сонымен қатар, қазіргі уақытта отбасылық денсаулық орталығының жаңа ғимаратына жер телімін бөлу рәсімі жүріп жатыр, - деді Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.
Жаңа отбасылық денсаулық орталығында медициналық көмекті 10 110 адам алады. Қабылдауды үш жалпы тәжірибе дәрігері, бөлімше меңгерушісі және акушер-гинеколог жүргізеді. Сондай-ақ, жылжымалы кесте бойынша салалық мамандар қабылдайды.