Дәрі-дәрмектің бағасы қалай реттеледі

Дәрі-дәрмектің бағасы қалай реттеледі

3-ші тамыздан бастап елімізде дәрілік заттардың бағасын реттеу ережелері күшіне енеді. Бұл жүйе қалай жүзеге асырылатыны туралы Қарағанды облысы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Фарида Макеева айтып берді.

- Елбасының тапсырмасы бойынша Қазақстанда барлық дәрілік заттар мен медициналық өнімдердің бағасы реттелетін болады. Биыл «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске өзгерістер енгізілді. Денсаулық сақтау министрлігіне дәрілік заттардың шекті бағасын белгілеу құзыреті берілді. 3-ші тамыздан бастап күшіне енетін бағаны қалыптастыру ережелері бекітілді, - деп түсіндірді Фарида Макеева.

Оның айтуынша, бұрын дәрі-дәрмек бағасы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде ғана реттеліп келген. Ал жаңа ережелер бойынша бағаны қалыптастыру 4 деңгейде жүргізілетін болады. Біріншіден, өндіруші деңгейінде. Екіншіден, көтерме саудада. Үшіншіден, бөлшек саудада өткізу. Және әрі қарай ТМККК шеңберінде және медициналық сақтандыру жүйесі аясында.

ҚР аумағында дәрілік заттардың мемлекеттік тізілімінде 7000-нан астам дәрілік препараттар тіркелген.

Бүгінгі таңда жаңа ережелер бойынша 3800 дәріге шекті бағалар орнатылды. Бөлшек сауда үшін үстеме баға 10-нан 50%-ға дейін болады. Егер, мысалы, дәрі-дәрмек 50000 теңгеден артық болса, онда үстеме баға 10%-дан аспауы тиіс. Ең арзан дәрілер үшін үстеме 50%-ға дейін жетуі мүмкін. Дистрибьютерлер үшін - 10-нан 21%-ға дейін. ТМККК шеңберінде үстеме баға 14-тен 21%-ға дейін болады.

- Дәрілік заттардың шекті бағасын белгілеу баға белгілеу жүйесін ашық, ал дәрі-дәрмектер қолжетімді етуге көмектеседі. Біз өндірушінің бағасын барлық 4 деңгейде көреміз. Сондай-ақ, бұл кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттырады. Егер бұрын дәрі-дәрмек бағасының айырмашылығ үлкен болса, енді оған мүмкіндік берілмейді. Баға әлеуметтік дәріханада да, жеке дәріханада да бірдей болады, - дейді Фарида Макеева.

Белгіленген бағаларды Денсаулық сақтау министрлігінің сайтынан көруге немесе DariKz мобильді қосымшасы арқылы қадағалауға болады.

- Әзірге барлық дәрілік заттарға баға бекітілген жоқ. Бірақ бұл жұмыс жалғасуда, - деп түсіндірді Қарағанды облысы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының м.а. Фарида Макеева.

Бүгінгі күні Қарағанды облысында 790 дәріхана жұмыс істейді, оның ішінде 100-ден астамы ауылдық жерлерде орналасқан.