
Жұмыс кәсібімен қалай жетістікке жетуге болады? Жоғары ақы төленетін маман болу үшін не қажет? Өз ісіңді қалай бастау керек? Қарағанды техника-құрылыс колледжі студенттерінің осы және басқа да сұрақтарына жас кәсіпкер Рустам Ахметжанов жауап берді. Ол «Дұрыс таңдау жаса» жобасы аясында жастармен кездесу өткізді.
27 жасында Рустам ірі бутиктер мен компанияларға жиһаз, интерьер заттарын шығаратын кәсіпорынды басқарады. Рустам мен оның командасына тапсырыстар тек отандастардан ғана келіп қоймай, кәсіпорын өнімдері шетелде де танымал.
– Бизнеспен 2017 жылдан бастап айналыса бастадым. Алдымен мен үйге арналған үстелдер, шкафтар, люстра және басқа да интерьер заттарын жасап, Instagram-да олардың суреттерін орналастырдым. Достарым, жазылушыларыма ол өнімдер ұнады. Мен алғашқы тапсырыстарымды алған кезде орналасқан бөлмем 15 шаршы метрді құрады. Ол ата-анамның үйіндегі қосалқы ғимарат еді, – дейді Рустам. – Біраз уақыттан кейін мен ниетіміз бір, ойымық ортақ адамдардан құралған топ жинадым, біз 60 шаршы метрлік алғашқы үй-жайымызды жалға алдық. Қазір біздің цехымыз 1 100 шаршы метрді құрайды. Біздің команда Nike, Pinko, Coccinelle және басқа бренд дүкендеріне үлкен тапсырыстарды орындады. Қазір бізді Мәскеуде, Парижде және Миланда тапсырыстар күтіп тұр.
Рустам студенттерге жақсы оқуға, қиындықтардан қорықпауға және бизнесті шағын және несиесіз бастауға кеңес берді.
«Дұрыс таңдау жаса» жобасын «Қарағанды облысының жұмысшы жастар одағы» қоғамдық бірлестігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асыруда. Жобаның мақсатты тобы – оқушылар, кәсіптік-техникалық колледждердің студенттері, NEET санатындағы жастар. Кездесу барысында жұмысшы мамандықтарының табысты өкілдері тыңдаушыларға жұмысшы жастарды оқыту және қайта даярлау бойынша қажетті мамандықтар мен мемлекеттік бағдарламалар туралы айтып берді.
– Бұл жоба жастарға өзіне деген сенімділікті арттыруға көмектеседі, оларды табысқа жетелейді. Осындай кездесулердің арқасында олар болашақта жұмыс беруші бола алатын табысты кәсіпкерлердің көмегіне жүгіне алады, – деп есептейді Қарағанды Жастар ресурстық орталығының басшысы Сымбат Әубәкірова.