«Ел үшін егілемін» азаматтық штабы Қарағанды облысы тұрғындарының сұрақтарына жауап берді

«Ел үшін егілемін» азаматтық штабы Қарағанды облысы тұрғындарының сұрақтарына жауап берді

«Ел үшін егілемін» облыстық Азаматтық штабының өкілдері Қарағанды өңірінің тұрғындарына коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация және ревакцинация қажеттілігі туралы айтып, сұрақтарға жауап берді. Белсенділер жүйелі түрде халықпен онлайн және офлайн кездесулер өткізеді.

«Ел үшін егілемін» азаматтық штабы жуырда ғана құрылды. Оның төрағасы – кәсіпкер Нұрлан Әубәкіров.

– Біз Қарағанды облысында құрылған бірінші штабпыз. Сонымен қатар республикалық штаб бар. Біздің мақсатымыз – аймақ тұрғындарына вакцинация туралы шынайы ақпарат беру. Ол үшін облысымыздың барлық аудандарын аралауға ниеттіміз. Біз халықтың мүмкіндігінше көп ақпарат алуын көздейміз. Сондай-ақ, ата-аналарда балалар вакцинациясына дұрыс пікір қалыптасқанын қалаймыз. Мен өзім және бүкіл отбасым вакцина алдық, – деді Нұрлан Әубәкіров.

Азаматтық штабтың кезекті эфирінің қонақтары облыстың жетекші инфекционисті Розалия Бегайдарова, қалалық мәслихаттың депутаты Жібек Камали және «Қазақстанның алтын жастары» республикалық жастар сыйлығының лауреаты Ілияс Смайылов болды.

– Бүкіл әлемде вакцинация пандемиядан шығудың жалғыз жолы екендігі дәлелденді. Біз ұжымдық иммунитетті қалыптастыруымыз керек. Қазір көптеген адамдар үшін ревакцинация уақыты келді. Қазақстанда ол қарашаның үшінші онкүндігінде басталады, – деп атап өтті Розалия Бегайдарова. – Біз бұл ауыр дерттен балаларымызды да қорғауымыз керек. Балаларды вакцинациялау ата-аналардың келісімімен ерікті түрде жүргізіледі.

Бала сүйгісі келген келіншектер де денсаулығы туралы алдын-ала ойланып, жүктітіктің алдында вакцинациялануы керек, дейді маман. Егер вакцинаның бірінші дозасын енгізгеннен кейін әйел жүкті болса, онда екінші компонентті ұрық толық қалыптасқаннан кейін ғана егу керек.

Сондай-ақ, кездесу барысында спикерлер интернет қолданушыларының сұрақтарына жауап берді – олар негізінен ревакцинация мерзімдеріне қатысты болды.