Инвесторлар "Сарыарқа" ЕЭА-да жүзеге асыру үшін бірқатар жаңа жобаларын ұсынды

Инвесторлар "Сарыарқа" ЕЭА-да жүзеге асыру үшін бірқатар жаңа жобаларын ұсынды

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алмас Айдаров "Сарыарқа" ЕЭА басқарушы компаниясының басшылығымен бірге әлеуетті инвесторлармен кездесті. Компаниялар өңірде өз жобаларын жүзеге асырмақ.
"Рет" ЖШС ЕЭА аумағында кокс брикеттері өндірісін ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Жоба жылу және электр энергиясын ілеспе түрде өндіруімен ерекшеленеді. Технология экологиялық таза болып табылады және атмосфераға зиянды қалдықтар шығарылмайды. Жобаны іске қосу екі кезеңнен тұрады, оны іске асыру облыс экономикасына 30 млрд теңгеден астам инвестиция тартуға және 150 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жоба бастамашыларының айтуынша, әзірге елімізде мұндай өндірістің баламасы жоқ.
Ал "Сарыарқа LED" ЖШС жарықдиодты шамдар мен көшені жарықтандыру тіректерін өндіретін зауыт салуды көздеп отыр. Жобаның құны - 70 млн теңге. Оны іске асыру 50 жаңа жұмыс орнын қамтамасыз етеді.
"ARCUS Инвест" ЖШС өкілдері темір жол техникасына қосалқы бөлшектер шығаратын зауыт құрылысының жоспарлары туралы айтып берді. Бұл компанияның "Сарыарқа" ЕЭА қатысушысы деген мәртебесі бар. Инвестиция 2,4 млрд теңгені құрайды. Жаңа өндіріс 60-тан астам жаңа жұмыс орнын ашады.
"Сарыарқа" ЕЭА 2011 жылдың қараша айында ҚР Президентінің Жарлығымен құрылды және аймақ экономикасының өсу нүктелерінің бірі болып табылады. Оның қызмет ету кезеңі 2036 жылғы 1 желтоқсанға дейін көзделген. Алаңның артықшылығы - дамыған инфрақұрылым, жеңілдікті коммуналдық тарифтер және салықтық преференциялары болуында. Осының бәрі жобаларды іске асыруды жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Мүдделі компаниялар барлық сұрақтар бойынша "Сарыарқа" ЕЭА басқарушы компаниясына хабарласа алады www.sez-saryarka.kz.