
Қарағанды қаласындағы Достық үйінде 3-ші тамызда атап өтілетін Медиация күніне орайластырылған Ашық есік күні өтті. Барлық ниет білдірушілер бұл күні кәсіби медиаторлардан тегін кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шара шеңберінде сонымен қатар дөңгелек үстел өтті. Мұнда облыстық сот, прокуратура, этномәдени бірлестіктер мен облыстық Ассамблея құрылымдарының өкілдері, жалпы алғанда 40 адам қатысты. ҚХА мүшесі, Қарағанды еврей бірлестігінің төрағасы Вилен Молотов-Лучанский : «Қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді сақтау жолындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда ҚХА ның негізгі бағыттарының бірі медиация. Елбасы да осы мәселеге үлкен зер салып, медация тәсілі адам құқықтарын ең қымбат қазынасы ретінде қастерлейтінін, мемлекеттің алғы шарты болу тиіс екенін атап көрсеткен болатын. Сондықтан елдегі медиация институтының дамуына барынша қолдау көрсетіліп, медиацияның кеңінен қанат жаюына ықпал ету қажет»,- деді.
Сондай ақ, келелі кездесуде халық арасында заң жағынан сауаттылық деңгейін көтеріп, сотқа дейін дау-дамайды бітімгершілікпен шеші мемлекет дамуының бірден-бір жолы екені айтылды. Мысалы, осы бір жыл ішінде Қарағанды бойынша медиаторлардың көмегімен 1000 нан аса дау шешілген.
Облыстық соттың медиаторы Тотай Ерімбетовтың айтуынша, бүгін тұрғындарға, жалпы қоғамға ауқымды бағдаралама ұсынылды. «Азаматтар медиация арқылы даулы мәселені шешуге болатынын түсініп келеді және нәтижесін беруде. Демек, медиацияның болашағы зор. Ел татулығын биік қойған кешегі би бабаларымыздың сара жолы бұл. Біз медиаторлар өз көмегімізді әрқашан көрсетуге дайынбыз»,-дейді.
Осы күні аймақ бойынша бір жарым мың азамат тегін кеңес алған мұндай шаралар Сәтбаев, Жезқазған және Балқаш қалаларында да өтті. Бұл күні 1500 жуық адам тегін кеңес алды.