
Қарағанды облысының жұмыс берушілері медициналық сақтандыру қорына 16 млрд теңгеден астам ақша аударған. Республика бойынша барлық түсімдердің 8,2%-ы біздің өңірге тиесілі. Бұл Алматы (20,7%) және Нұр-Сұлтан (12,4%) қалаларынан кейін еліміз бойынша үшінші орын, ал облыстар арасында бірінші орын.
Республикада 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап 2019 жылдың 31 шілдесіне дейінгі кезеңде жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер міндетті медициналық сақтандыру үшін 195,7 млрд теңге аударған.
- Қарағанды облысы бойынша қорға аударымдардың жалпы сомасы 16,02 млрд теңгені құрады, оның ішінде 15,4 млрд теңге (96,1%) жұмыс берушілердің аударымдары, 606,7 млн теңге (3,9%) – азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер мен тұлғалардың жарнасы, - деп түсіндірді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Фазыл Копобаев.
МӘМС-дан түскен барлық қаражат сенімгерлік басқару шарты жасалған Ұлттық банкте сақталады. Кейіннен бұл ақша медициналық сақтандыру бойынша қызметтерге ақы төлеуге жұмсалады.