
Қызылордада асық ату бойынша жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Оған Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Жамбыл және Қарағанды облыстарынан жеті команда қатысты. Қарағанды командасы бұл жарыста екінші орынға ие болды.
Қарағанды облысының намысын Шет ауданынан келген облыстық жасөспірімдер спартакиадасының жеңімпаздары қорғады.
- Біз үшін бұл үлкен жетістік, - дейді команда жаттықтырушысы Еркебұлан Ақыжанов. - Жетінші жыл балалармен айналысамын, ауданда барлығы жүзге жуық бала асық атуға әуестенді және осы ұлттық ойынның танымалдығы жыл сайын артып келеді. Біз Қазақстан чемпионатына барынша дайындалдық. Менің тәрбиеленушілерім: Нұрсұлтан Кәкенов, Айсұлтан Бұғыбай және Дәулет Камал күміс жүлдегер атанды. Олармен мақтанамын! Біз тек Нұр-Сұлтан командасынан ғана ұтылдық. Алда әлі көп жеңістер бар деп үміттенемін.
Жарысқа 2003-2005 жылы туылған спортшылар қатысты. Еркебұлан Ақыжанов бірнеше жыл бойы өз шәкірттерін ақысыз негізде жаттықтырады.
Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойынша