«Стереотиптерді бұзу»: Қарағандылық Нияз Сүндеталиев «Жан шуақ» сыйлығымен марапатталды

«Стереотиптерді бұзу»: Қарағандылық Нияз Сүндеталиев «Жан шуақ» сыйлығымен марапатталды

Қарағандылық Нияз Сүндеталиев «Жан шуақ» сыйлығымен марапатталды. Ол мүмкіндігі шектеулі жандардың жеке табысқа ұмтылып қана қоймай, ел дамуына үлкен үлес қосып жүргенін дәлелдеді.

Жыл сайынғы «Жан шуақ» сыйлығы еліміздің мәдени, спорттық және қоғамдық өміріне белсенді қатысатын мүмкіндігі шектеулі жандарға, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға белсене араласатын қазақстандықтарға беріледі.

«Жан шуақ» сыйлығының он төртінші лауреаттарын марапаттау рәсімі Нұр-Сұлтандағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің концерт залында өтті. Шараны Nur Otan партиясының қолдауымен «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында Қазақстан мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырды.

«Нияз мүгедектерге қатысты стереотиптерді жойды. Оның қоғамның дамуына қосқан үлесін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та жоғары бағалады. Ол «Қайнар» және «Алтын жүрек» сыйлықтарының иегері. Оның үлгісі еліктеуге және құрметтеуге тұрарлық», – д еп атап өтті шараны ұйымдастырушылар.

Концерт залының сахнасында сөз сөйлеген Қарағанды облысы әкімінің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Нияз Сүндеталиев өзінің және айналасындағылардың өмірін жақсартуға ұмтылатын мүмкіндігі шектеулі жандарға сенетінін атап өтті.

– Бұл залға жиналғандар шын мәнінде өздерінің күш-қуатын, өмірге деген сүйіспеншілігін көрсетіп жүрген жандар. Салтанатты шараға еліміздің барлық аймақтарынан қатысушылар келді. Бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандар өмірдің көптеген салаларында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жатыр, олар үшін бәріміз де қуаныштымыз. Әрқайсымыз ерекше қажеттіліктері бар адамдарды тең жағдайда қабылдап, инклюзивті мемлекет құруға үлес қосуымыз керек, – деді Нияз Сүндеталиев.

Шара туралы қоғам қайраткері Facebook-тегі парақшасында жазды.

facebook.com