
Қарағанды қаласының № 3 емханасында жұмыс істейтін жедел медициналық жәрдем қызметкерлері жолда қолына бала ұстаған ер адамды байқап, тоқтаған. Мамандар баланы тексергенде сәби дем аламай жатқан және ешқандай өмірлік көрсеткіштері болмаған. Дәрігерлер мен жүргізушінің жедел іс-қимылдарының арқасында ол қысқа мерзімде ауруханаға жеткізілген.
Бұл оқиға қала тұрғыны Ботагөз Оспанованың көзінше болмаса, қайғылы аяқталар еді. Сол күні ол дене қызуы күрт көтеріліп кеткен бауырының баласына жедел жәрдем шақыртқан. Шақыруға келген дәрігерлер баланы ауруханаға жатқызуды ұсынған. Бірақ жұқпалы аурулар ауруханасына жол тартқан кезде, олардың алдынан қолында бала көтерген ер адамды кезіктірген. Ол жедел жәрдем бригадасына баласы батып кете жаздағанын айтқан.
- Бала сол сәтте өлім аузында болды. Ол дем алмай жатты. Дәрігерлер кідірместен оны құтқаруға кірісті. Олар машинада барлық терезелерді ашып, балаға жүрекке тікелей массаж жасап, аузына шпатель салып, лоқсыта бастады. Жүргізуші арнайы көлікті жылд айдағаны соншалықты, оның жолындағы басқа көліктер жан-жаққа шашырап, жол бере бастады. Мен шыдамастан жылап жібердім. Жаратушыдан бұл баланы ауруханаға жеткізіп үлгерсек екен деп сыйындым, - дейді Ботагөз Оспанова.
Оқиғаға акуә болған әйелдің айтуынша, баланы облыстық балалар клиникалық ауруханасына жеткізу кезінде барлығы кинодағыдай болған. Дәрігерлер өздерінің біліктілігін көрсетті. Науқасты шұғыл түрде жан сақтау бөліміне алып кетті. Бірақ ең бастысы, ол дем ала бастады.
- Бұл жағдай мені ерекше таң қалдырды. Мен медициналық қызметкерлер туралы жиі теріс пікірлер естіп жатамын, бірақ бұл күні мен олардың жанқиярлық еңбегі мен кәсібилігіне көз жеткіздім. Баланы реанимациялаудан кейін, бізді жұқпалы ауруханаға алып барды. Бірақ біздің ангинамыз маған соншалықты ұсақ-түйек болып көрінді, - дейді ол. - Сондықтан мен бұл оқиға назардан тыс қалмауы керек деп шештім. № 3 емхананың басшылығынан осы мамандарды мадақтауын сұрадым. Сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасына хат жаздым.
Ботагөз медициналық мекеменің әкімшілігіне барып қана қоймай, баланы құтқарған жедел жәрдем қызметі мамандарының есімдерін анықтаған екен. Сол күні ерлік жасаған Тазагүл Әмзеева мен Сымбат Сүлейменова, сондай-ақ машина жүргізушісі Сейілжан Сәтбергенов болды. Олар еңбек ететін №3 емханада оларды алғыс хаттармен және материалдық сыйақымен марапаттады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасында жан сақтау бөліміне жеткізілген бала сауығып, ауруханадан шығарылғанын мәлімдеді. Сәбидің өмірін аман алып қалған жедел медициналық жәрдем бригадасы төртінші санат бойынша қызмет көрсетіп, әдетте мұндай қысылтаяң жағдайларда жұмыс істемейді. Бірақ осыған қарамастан, жедел жәрдем қызметкерлері өз борышын орындады.
- Күн сайын дәрігерлер ондаған өмірді құтқарады. Олардың еңбегі құрметке лайық, бірақ өкінішке орай, адамдар оны әрдайым байқай бермейді. Жақсы сөз жарым ырыс демекші, әркім жағымды сөздер естігісі келеді. Сондықтан оң пікірлер үшін рахмет. Бұл біздің қызметкерлер үшін ынталандыру және өзгелер үшін үлгі, - деп қосты Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
inkaraganda.kz