Қарағандылық кәсіпкерлер Іскер әйелдер форумында табысты бизнестің қыр-сыры туралы баяндады

Қарағандылық кәсіпкерлер Іскер әйелдер форумында  табысты бизнестің қыр-сыры туралы баяндады

Бизнесті қалай құруға болады, мемлекеттік қолдаудың қандай шараларын қолдануға болады және оны дамыту үшін не қажет – осы және басқа да өзекті мәселелерді Қарағанды облысының бизнес-қауымдастығы өкілдері Іскер әйелдер форумында талқылады.

Оған Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева, Аграрлық несие корпорациясы мен «Даму» қорының өкілдері және іскер әйелдер қатысты.

– Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасуының басында елімізде «кәсіпкер әйел» деген ұғым болмаған болса, бүгінгі таңда жеке кәсіпкерлік саласының әрбір екінші өкілі – әйел. Қазір олардың басшылығымен облыста 42 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс жасауда, – деді Татьяна Аблаева. – Бұл салада өндірілген өнім көлемі 60 есеге өсіп, бүгінде 1,8 триллион теңгеге бағаланып отыр, бұл «АрселорМиттал Теміртау» және «Қазақмыс» корпорациясы сияқты өнеркәсіп алпауыттарының көлемімен салыстыруға болады.

Форумға қатысушылар «Даму» қоры мен Аграрлық несие корпорациясы, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «Atameken Qaragandy» микроқаржы ұйымы арқылы мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат алды.

– Бұрын мен Жаңаарқада супермаркетте кассир болып жұмыс істедім, кейін қойма меңгерушісі қызметіне көтерілдім. Бірақ өз кәсібімді ашуды армандадым, – дейді жас кәсіпкер Іңкәр Шірімбекова. – Менің туған ауылым Талдыбұлақта бір ғана шағын азық-түлік дүкені бар еді. Ал мен шағын-маркет ашуды армандадым. «Бастау Бизнес» курстарынан өтіп, қыркүйек айының соңында Талдыбұлақта шағын-маркетімді аштым. Енді тұрғындар аудан орталығына бармай-ақ өзіне қажеттінің бәрін бір жерден сатып ала алады.

Қарағандылық «Бионан» компаниясының негізін қалаушы Әсел Бекбаева да өз тәжірибесімен бөлісті.

– Менің бизнесім баламның арқасында дүниеге келді. Оның денсаулығында кінәрат болды және біз арнайы диетаға көшуге мәжбүр болдық. Ол кезде дүкендерде өнделмеген бидайдан пісірілген нан іс жүзінде жоқ еді. Мен бұл мәселені шешудің жолдарын іздей бастадым, көп зерттедім, осы бағытта жұмыс істеген Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерінің тәжірибесін игердім. Одан кейін «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша білім алып, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттен қаржылай қолдау алып, жеке кәсібімді аштым. Қазір өзімнің шағын наубайханам бар. Мен бидай дәнінен нан пісіремін. Бұл табиғи өнім. Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды практикаға қабылдаймын, – дейді Әсел Бекбаева.

Форумға қатысушылар бизнесті сәтті бастаудың және жүргізудің басты құпиясы – еңбекқорлық пен құлшыныс екеніне сенімді. Өз істерін енді бастап жатқан және тәжірибелі кәсіпкер әйелдер нәзік жандыларды қиындықтан қорықпауға, өздеріне сенуге шақырды.