
Арыс қаласында үйлерді қайта қалпына келтіруге көмек көрсеткен қарағандылықтарды марапаттармен тап өтті. Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ведомствоаралық марапаттары мен алғыс хаттарын табыс етті.
- Барлық жұмыстар аяқталды. Қарағанды облысы бізге бөлінген сектордағы үйлерді қалпына келтіруді аяқтады. Барлық медиктерге, құтқарушыларға, психологтарға, құрылысшыларға, әкімдіктердің қызметкерлеріне, қалалар мен аудандардың әкімдеріне, олардың орынбасарларына алғысымды білдіргім келеді. Барлық қойылған міндеттер орындалды, - деді Ерлан Қошанов.
«Құрметті құрылысшы» төсбелгісі «ГорКомХоз» ЖШС директоры Мейрам Ысқақовқа тапсырылды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрмет грамоталарымен Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Тайхан Қалмаханов, Шет ауданы әкімінің орынбасары Мұхит Мұхтаров, Осакаров ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Ламбеков, Абай ауданы әкімінің орынбасары Мұрат Мағзин, Бұқар Жырау ауданы әкімінің орынбасары Арман Дардақов, «Сарыарқа» ЕЭА төрағасының орынбасары Мәулен Өміртаев және жеңіл атлетика бойынша МБЖСМ басшысы Нұрлан Түсіпов марапатталды.
Облыс әкімінің Алғыс хаттарын «Бағалау Астана» ЖШС директоры Дамир Әбілдинов, «Аспап» өндірістік кооперативінің прорабы Бахтияр Бейсенов, «Тәуелсіз сарапшылар одағы» ЖШС бағалаушысы Марат Құрмақаев, «Жекешелендіру және түгендеу бюросы» ЖШС директоры Александр Перов, «Стройка и к» ЖШС жобасының жетекшісі Алексей Саврасов, энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов және басқалар алды.
Естеріңізге сала кетейік, Қарағанды облысына 519 пәтер мен 72 жеке үй бекітілген болатын. Қалпына келтіру жұмыстарына 400-ге жуық қарағандылық қатысты. Сондай-ақ, аймақ тұрғындары мен кәсіпкерлері Арыс қаласында зардап шеккендерге гуманитарлық және ақшалай көмек жіберді.