Қарағанды облысында алқаптарды суару жүйесі қайта қалпына келтірілуде

Қарағанды облысында суармалы жерлерді игеруге және ұтымды пайдалануға көп көңіл бөлінуде. Облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров Бұқар Жырау ауданына жұмыс сапарымен барып қайтты.
- Үкімет Қ. Сәтпаев атндағы арнадан табиғатты қорғай отырып су өткізуді жүзеге асыру жөніндегі ұсынысымызды қолдады. Қазіргі уақытта республика Тұзды өзеніне жылына 10,5 млн текше метр су өткізуді қаржыландырады. Енді біздің міндетіміз – суару алаңын толығымен игеру. Оның үстіне, қазір суармалы жерлерді суарылмайтын жерлерге ауыстыру мүмкіндігін жою туралы шешім қабылдануда, – деді Серік Шайдаров Тұзды су қоймасынан суарылатын шаруашылықтар басшыларымен кездесу барысында.
Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітілген суармалы жерлер мақсатқа сай пайдаланылуы тиіс.
Облыс әкімінің орынбасары алдын ала келісілген кесте бойынша су беруге қатысты тапсырмалар берді.
Жұмыс сапары барысында Серік Шайдаров «Тұзды» шаруа қожалығының, «Дизель плюс» ЖШС егіс алқабында болды. Жалпы дәнді дақылдардың және картоптың жағдайы жақсы. Биыл жақсы өнім күтілуде.
Қарағанды облысында инфрақұрылым мен ирригациялық жүйелердің жоқтығынан, су көзімен байланысты жоғалтудың салдарынан шаруашылықтарға бекітілген суармалы жерлердің үштен бір бөлігін ғана мақсатты пайдалануға тура келіп отыр.
2019 жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз қаражатына суару жүйесін қалпына келтіріп, 1 500 га суармалы егістікті айналымға енгізді.