Қарағандыда ЮНЕСКО құзырет орталығының бөлімшесі ашылды

Қарағандыда ЮНЕСКО құзырет орталығының бөлімшесі ашылды

Қарағандыда ЮНЕСКО қамқорлығымен тау-кен техникалық білім берудегі Халықаралық құзыреттілік орталығының Қазақстандық бөлімшесі жұмыс істейтін болады. Бөлімшенің базасы ретінде Қарағанды техникалық университеті таңдалды.

Ынтымақтастық туралы келісімді ЖОО ректоры Марат Ибатов және ЮНЕСКО қамқорлығымен тау-кен техникалық білім берудегі Халықаралық құзыреттер орталығының басқарушылар кеңесінің төрағасы Владимир Литвиненко жасады. Құжатқа қол қою рәсімі онлайн режимінде өтті.

– Бұл тек біздің университет үшін ғана емес, Қазақстан Республикасының Жоғары білім беру жүйесі үшін де маңызды оқиға. Біз бұған екі жылдан астам уақыт қадам басып келеміз. Қол қойылған келісім бірлескен жұмыс үшін берік іргетас болады, біздің кооперациямызды нығайтады және оны одан да жемісті етеді. Жаңа мәртебеде біз инженерлік жоғары оқу орындарының, ғылыми ұйымдар мен өнеркәсіптік компаниялардың ЮНЕСКО халықаралық орталығы іске асыратын бағдарламаларға қатысуын үйлестіруді қамтамасыз етуге дайынбыз, – деді Марат Ибатов.

Ол Қазақстанның жоғары оқу орындарының студенттері ЮНЕСКО халықаралық орталығы өткізетін форумдарға қатысып жатқанын атап өтті. Оқытушылар тау-кен инженерлерін сертификаттау бойынша халықаралық бағдарлама шеңберінде аттестацияны аяқтайды.

Жаңа деңгейге өту академиялық ұтқырлықты арттыруға және тау-кен саласы үшін мамандарды даярлау сапасын бірлесіп жақсартуға мүмкіндік береді.

ЮНЕСКО қамқорлығымен тау-кен техникалық білім берудегі Халықаралық құзыреттілік орталығының бас кеңсесі Санкт-Петербургте орналасқан. Бүгінгі таңда осындай бөлімшелер Австрия, Германия, Ұлыбритания, Қытай, Финляндия, Белоруссия және Арменияда жұмыс істейді.

Қарағанды техникалық университеті баспасөз қызметінің ақпараты бойынша