
Теміртау қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Теміртау жастар клубымен бірлесіп мемлекеттік тілді оқыту бойынша «Оңай тіл» жобасын іске қосты. Бұл барлық ниет білдірушілер үшін қазақ тілін онлайн-форматта меңгеруге берілетін жақсы мүмкіндік.
Жобаның ерекшелігі – ана тілі орыс тілі болып табылатын Екатерина Пономаренко сабақ жүргізеді. Бойжеткен мемлекеттік тілді өз бетінше меңгерген және жеке мысал арқылы қазақ тілінде кез келген адам сөйлей алатынын көрсеткісі келеді.
– Екатерина Қарағанды облысы әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығының «Тіл білгірі» номинациясының лауреаты, қалалық және облыстық тіл байқауларының бірнеше дүркін жеңімпазы. Ол тілді меңгеру жолын өз күшімен өткен және қандай ерекшеліктерге баса назар аудару керектігін біледі, – дейді қалалық тілдерді дамыту орталығының жетекшісі Меруерт Ахметжанова.
Жоба адамға қысқа мерзімде қазақ тіліндегі сөздердің қажетті қорын меңгеруге көмектеседі. Күнделікті өмірде қажет сөздер мен сөз тіркестерін есте сақтауға баса назар аударылады.
Аудио және визуалды ақпарат 16 секундтық бейнеде қалыптасады. Сабақтар күн сайын @temirtau_madeniet, @tilder.temirtau Instagram парақшасында, сондай-ақ қала әкімдігінің @temirtau.akimdigi ресми парақшасында жарияланады.
Сонымен қатар, Теміртауда тіл үйрену клубының жұмысы қайта жанданады. Мұнда онлайн-сабақтардың көмегімен алған білімдерін бекітуге болады.
Саран қаласының тұрғындарында да қазақ тілін меңгерудің қосымша мүмкіндігі пайда болды. Қаланың Достық үйінде «Мәміле» клубы ашылды, оның негізгі мақсаты – орыс тілді қазақтар мен басқа да этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді үйренуге және ұлттық салт-дәстүрлермен танысуға мүмкіндік беру.