Қарағанды облысының сегіз спортшысы әлем чемпионы атанды

Қарағанды облысының сегіз спортшысы әлем чемпионы атанды

Қарағандылық спортшылар дзюдодан халықаралық біріншілікте ардагерлер арасында алтын медаль жеңіп алды. Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз конференциясында жеңімпаздарға құрмет көрсетілді.

Лиссабонда (Португалия) өткен дзюдодан әлем чемпионатында "Жас сұңқар" спорт мектебінің және облыстық кешенді мектептің жаттықтырушылары Нәсіпқұл Тыныбаев пен Дәурен Қожин алтын алды.

Вильнюсте (Литва) жатып сығылып көтерілуден әлем чемпионатының екі мәрте жеңімпазы 73 жастағы Дәрібай Оспанов атанды. Осы жарыста бірінші орынды облыстық кешенді мектептің тәрбиеленушісі Антон Марченко иеленді. Жас балуанның тәлімгері Әбдулкәрім Қараман оны жақсы дайындап қана қоймай, өзі де сәтті өнер көрсетті – оның қоржынында екі күміс бар.

Сондай-ақ, Қарағанды облысында алғаш рет гір спортынан әлем чемпионатының төрт жеңімпазы анықталды. Олар – гір спортынан Қарағанды облысының аға жаттықтырушысы Александр Комаров, сондай-ақ Игорь Эрзямкин, Роман Герасименко және Юрий Брель.

Дәрібай Оспановтың сыныптастары спортшыны жеңісімен құттықтап, досының иығына шапан жауып, жылқы сыйлауға Шет ауданынан арнайы келгенін атап өткен жөн.

Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойынша