
Қарағанды Жастар ресурстық орталығы «Дұрыс таңдау жаса!» әлеуметтік жобасы аясында кәсіптік-техникалық колледж студенттері арасында жұмысшы мамандықтарының байқауын өткізді. Жарысқа 13 оқу орнынан 40 адам қатысты.
Байқау «Дәнекерлеу ісі», «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Шаштараз-стилист» және «Шаштараз-модельер» мамандықтары бойынша өтті. Жеңімпаздарды құрамына қызметтің мәлімделген түрлерінің кәсіпқойлары, қалалық мәслихат депутаттары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі облыстық арнайы мониторингтік топтың мүшесі және ҮЕҰ өкілдері енген комиссия анықтады.
– Жобаның мақсаты – жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, жұмысшы жастарды оқыту және қайта даярлау бойынша мамандықты дұрыс таңдауды және мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау, – деді Қарағанды Жастар ресурстық орталығының басшысы Сымбат Әубәкірова. – «Дұрыс таңдау жаса» жобасын «Қарағанды облысының жұмысшы жастар одағы» қоғамдық бірлестігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асыруда. Жобаның мақсатты тобы – оқушылар, кәсіптік-техникалық колледждердің студенттері, NEET санатындағы жастар.
Байқау қорытындысы бойынша келесі жеңімпаздар анықталды:
- Совет Дауренбек, Қарағанды техника-құрылыс колледжінің студенті, «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандығы;
- Далир Суфанкулов, Қарағанды индустриалды-технологиялық колледжінің студенті, «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы;
- Асылжан Зейнелкобден, Қарағанды тау-кен индустриалдық колледжінің студенті, «Дәнекерлеу ісі» мамандығы;
- Александра Ерохина, Қарағанды технология және сервис колледжінің студенті, «Шаштараз-стилист» мамандығы;
- Анастасия Жмайлова, Қарағанды кәсіптік-техникалық колледжінің студенті, «Шаштараз-модельер» мамандығы.
Байқаудың барлық қатысушылары сертификаттар алды, ал жеңімпаздарға дипломдар мен сыйлықтар берілді.
«Дұрыс таңдау жаса» жобасы аясында 9-11 сынып оқушыларының жұмысшы мамандықтарының табысты өкілдерімен 10 кездесу өткізу жоспарлануда.