
Ақтөбе қаласында өткен республикалық «Ақберен» байқауында Қарағанды облысының өкілдері командалық есепте екінші орынға ие болды. Оған Қазақстанның барлық өңірлерінен 8–11 сыныптардың 94 оқушысы қатысты.
Байқау алты номинация бойынша өткізілді: «Шешендік, білгірлік сайысы», «Көркем сөз оқу», «Эссе жазу», «Ұлттық аспапта өнер көрсету», «Ақындар айтысы» және «Ақындар мүшәйрасы».
«Шешендік, білгірлік сайысы» номинациясы бойынша бірінші орынды Бұқар Жырау ауданы Ростовка ауылындағы тірек мектебінің 11 сынып оқушысы Ақбота Серікжан иеленді. «Көркем сөз оқуда» екінші орынды осы мектептің 11 сынып оқушысы Сымбат Мамарбек иеленді. Сонымен қатар «Эссе жазу» номинациясында үшінші орынды Ақтоғай ауданының Н.Әбдіров атындағы жалпы білім беретін мектептің он бірінші сынып оқушысы Нұрбибі Әбділдина иеленді.
Сонымен қатар, байқауға қатысушылар мен олардың жетекшілері үшін Ақтөбенің көрікті жерлері мен мұражайларына экскурсия, сондай-ақ «Қосымша білім берудің әртүрлі формалары мен әдістерімен дарынды балалардың шығармашылық және эстетикалық әлеуетін дамыту және жетілдіру» тақырыбында оқытушыларға арналған семинар-тренинг ұйымдастырылды.