Қарағандылық боксшылар Серік Сәпиевтің жүлдесі үшін республикалық турнирде 1-ші орынға ие болды

Қарағандылық боксшылар Серік Сәпиевтің жүлдесі үшін республикалық турнирде 1-ші орынға ие болды

Қарағандыда ХХХ жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Серік Сәпиевтің жүлдесіне 2006–2007 ж. т. жасөспірімдер арасында IX республикалық ашық турнир өтті.

– Бұл турнир бозбалаларды ересек боксқа дайындауға көмектеседі. Ол сондай-ақ жас спортшыларға тәжірибе жинақтап, алдағы уақытта қазақстандық және халықаралық жарыстарда үздік нәтиже көрсетуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті Серік Сәпиев.

Спортшылар 14 салмақ дәрежесінде сынға түсті. Нәтижесінде Қарағанды облысының командасы үздік өнер көрсетті, екінші орында – Нұр-Сұлтан қаласының спортшылары, үшінші орында – Павлодар облысының боксшылары.

– Бес жыл бойы бокспен айналысып келемін. Қазір мен 14 жастамын. Майқұдықта, Геннадий Головкиннің орталығында жаттығамын. Маған бұл спорт ұнайды. Жеңіске жету үшін ерік-жігер, шыдамдылық, мінез қажет. Бұл жолы бес жекпе-жек өткізіп, финалда жеңіске жеттім. Қиын болды, бірақ ешқашан берілмеу керек, – деп бөлісті турнир жеңімпаздарының бірі – Мадияр Ербосынов.

Сондай-ақ "Үздік техника үшін", "Жеңіске деген ерік үшін" және "Әділ төрешілік үшін" номинацияларында үздік спортшылар мен төрешілер анықталды.

Турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен, медальдармен, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Жарыстың бас төрешісі AIBA MK төрешісі Димаш Абайхан (Қызылорда облысы) болды.

Мерейтойлық, 10-шы турнирді халықаралық деңгейде өткізу жоспарланып отыр.