Қарағанды облысының колледж студенттері бағдарламалау марафонында өзара бақ сынасты

Қарағанды облысының колледж студенттері бағдарламалау марафонында өзара бақ сынасты

Қарағанды техника-құрылыс колледжінде облыстық бағдарламалау хакатон-марафоны өтті. Колледж студенттері жаңа сайттар, 3D-модельдер мен логотиптерін ұсынды.

Хакатон Қарағанды облысының білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының қолдауымен ұйымдастырылған және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған.

Байқау іріктеу кезеңінен және негізгі кезеңнен тұрды. Екінші кезеңге Ж.К. Бөкенов атындағы Қарағанды банк колледжінің, «Қазақмыс» корпорациясының Балқаш политехникалық колледжінің, Сәтбаев индустриалдық колледжінің, Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің экономика, бизнес және құқық колледжінің және Теміртау жоғары политехникалық колледжінің командалары өтті.

– Байқаудың мақсаты – командада жұмыс істеуге қабілетті, сандық жобаларды басқару, дизайн, ақпараттық технологиялар саласында сервистер мен өнімдерді жасауда талантты, болашағы зор студенттерді іздеу, іріктеу, қолдау болып табылады. Іріктеу кезеңінен өткен қатысушылар негізгі кезеңнің нақты тапсырмаларын орындады. Студенттердің жұмыстары «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы» тақырыбы аясында жүргізілді, – деп хабарлады облыстық білім беруді дамыту ОӘО директорының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беруді дамыту жөніндегі орынбасары Татьяна Нартова.

Командаларға сайт жасау, 3D моделі мен логотипін жасау ұсынылды. Кейін олар өз жұмыстарын қазылар алқасына ұсынды. Өз идеяларын қорғады. Студенттердің жұмыстары субъективті және техникалық өлшемшарттар бойынша бағаланды. Жобалары функционалды және өзекті болған, сондай-ақ бағдарламашылары шешендік қабілеттерін көрсете білген командалар ерекшеленді.

Хакатонда бірінші орынды «Қазақмыс» корпорациясының Балқаш политехникалық колледжінде оқитын «MA-Studio» командасының қатысушылары Әбдімәлік Оспанов, Әділет Сатенов, Дамир Абдушев (жетекшісі – Гүлмира Шегірова) алды.

– Біз облыстық байқауда бірінші орын алғанымызға қуаныштымыз. Біз барынша тырыстық, бар күшімізді салдық, бірақ қарсыластар да осал болған жоқ. Мұндай байқаулар бізге өз қабілеттерімізді көрсетуге, дамуға көмектеседі, – деп атап өтті Әділет Сатенов.

Екінші орынға Нияз Мажитов, Максим Югай, Александр Маторин – Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің экономика, бизнес және құқық колледжінің «Experience Union» командасының қатысушылары (жетекшісі – Кристина Шульц) ие болды.

Үздік үштікке Ж. К. Бөкенов атындағы Қарағанды банк колледжінің студенттері Қанат Шияп, Артем Масный, Роман Старых кірді. Олардың командасы «3s – studio» деп аталды (жетекшісі – Зульфия Жараспаева).

Сондай-ақ ерекше көзге түскен студенттер жеке номинацияларға ие болды.

«MA-Studio» командасының мүшелері Абдумәлік Оспанов, Дамир Абдушев және Әділет Сатенов «Логотипі бар үздік сайт», «Үздік креативті модель» және «Үздік спикер» номинацияларында марапатталды.

«Креативті идея» номинациясы Теміртау жоғары политехникалық колледжінің «Young Boys» командасының мүшесі Нархан Бурханға (жетекшісі – Назгүл Комкинова) берілді.

Жеңімпаздар Қарағанды облысының білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының дипломдарымен марапатталды.