Өткенсіз болашақ жоқ: Ұлытауда материалдық емес мәдени мұраны сақтау жөніндегі форум өтті

Өткенсіз болашақ жоқ: Ұлытауда материалдық емес мәдени мұраны сақтау жөніндегі форум өтті

Ұлытауда материалдық емес мәдени мұраны сақтау мен дамытуға арналған алғашқы Қазақстандық қоғамдық онлайн-форум өтті. Бүкіл Қазақстан үшін маңызды іс-шараны ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен «Ұлы Тағзым» Қарағанды қоғамдық қоры ұйымдастырды.

Форумға қауымдар өкілдері мен материалдық емес мәдени мұраны тасымалдаушылар, қолданбалы қолөнер шеберлері, мұражай қызметкерлері, зерттеушілер мен сарапшылар қатысты. Қазақстандық қолөнершілерді дамыту және қолдау, өлкетану мұражайлары қызметінің жаңа бағыттары, сондай-ақ қазақстандық дәстүрлі білім тасымалдаушылардың ЮНЕСКО-ның «Ұлы Жібек жолындағы фестивальдар» жаңа жобасына қатысуы мәселелері талқыланды.

Айта кету керек, Қазақстан ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Конвенциясына 2011 жылғы желтоқсанда қосылды. Міне, 10 жылдан кейін республиканың материалдық емес және рухани мәдениетінің ескерткіштері бүкіл әлемде мойындалды.

Мәдени мұрамыздың он бір элементі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік тізіміне енгізілген. Олардың қатарында Наурыз, қазақша күрес, аңшы құстармен аң аулау, Қорқыт мұрасы, киіз үй жасау, қазақ күйлерін орындау, Көкмайса мерекесі бар. Өткен жылы тізім қазақтың ежелгі тоғызқұмалақ ойынымен толықтырылды.

– Біз ЮНЕСКО-ның басты идеясын – ұрпақтар үшін табиғи-мәдени ескерткіштерді, адамзаттың рухани-адамгершілік мұрасын сақтауды шын жүректен бөлісеміз. Біздің бұл сенімділігімізге өлкеміздің көпғасырлық бай тарихы, Сарыарқаның көп ұлтты мәдениеті үлкен септігін тигізеді, - деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек. – Біз өткенсіз болашақ жоқ екенін түсінеміз. Бұл адал құндылықтары бар бейбіт қоғам құруға көмектеседі.

2020 жылы «Ұлытау» сапар орталығында «ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасы» экспозициялық залы құрылды. Бұл Қазақстандағы алғашқы экспозиция. Сондай-ақ, Ұлытау аудан орталығында «Әулие тау» этноауылының құрылысына кірісті. Бұл жерде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік тізіміне енген еліміздің барлық номинацияларын көрсету жоспарланып отыр.