
Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының және тасымалдаушы компанияның басшылығымен келіссөздер барысында №3 автопарк өз жұмысын қайта бастайтыны туралы келісімге қол жеткізілді. Автобустар жолға шыға бастады.
Бүгін таңертең №3 автопарк жеті бағыт бойынша облысішілік тасымалдауды жүзеге асыратын автобустарды желіге шығармаған. Ол: Қарағанды – Теміртау, Қарағанды – Саран, Қарағанды – Абай, Қарағанды – Шахтинск, Қарағанды – Шахан, Қарағанды – Топар, Қарағанды – Егіндібұлақ бағыттарындағы жолаушы тасымалдайтын автобустар.
Орын алған жағдайдың себебін автопарк пайдалану шығындары бойынша өз шығындарын жабуға қосымша қаржы сұрайтынымен түсіндірді. Бұған ЖЖМ, амортизация, жалақы және басқа да ілеспе шығындар кіреді.
Биыл автопарктерге жолаушы тасымалдау маршруттарына 950 млн теңге бөлінді. Тасымалдаушылардың айтуынша, олардың қажеттілігі 4 млрд теңгені құрайды, тек №3 автопаркке ғана 2,5 млрд теңге қажет.
Басқарма тарапынан субсидиялауды жалғастыру үшін үнемдеу есебінен қаражат табылды. Субсидиялауды ұлғайту мәселесі келесі жылы қаралатын болады.
Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ақпараты бойынша