
Осакаровка кентінде «Kazprotect» ЖШС заманауи құрылғылармен жабдықталған тігін цехы ашылды. Әзірге кәсіпорын арнайы киім тігумен айналысады, бірақ жақын арада олардың өнімдер ассортиментінде ұлттық киім мен үй тоқыма бұйымдары пайда болады.
Аудан орталығының тұрғыны Арай Біләлова күйеуімен бірге құрылыс, клинингтік компаниялар, күзет құрылымдары мен медициналық орталықтар қызметкерлері үшін арнайы киім тігу желісін іске қосты. Нұрсұлтан Назарбаев атындағы Халықаралық әуежай және басқа да ірі компаниялар өз қызметкерлері үшін Арайдан бірыңғай формаға тапсырыс береді.
– Біз тігін цехына өз қаражатымызға 300 миллион теңге салдық, – дейді Арай Біләлова. – Қажетті құрал-жабдықтар, маталар сатып алып, үй-жай тауып, жұмыс істегісі келетіндерді таптық. Ақмола облысының Анар ауылында тағы бір цех ашу жоспарда бар. Біздің өнімдер ISO 9001 сериясының халықаралық стандартына сәйкес келеді.
Қазір өндірісте 50 қызметкер жұмыс істейді, жалпы цех 80 тігін машинасымен жабдықталған.
– Бізге тігінші жетіспейді. Біз барлық ниет білдірушілерді жұмысқа шақырамыз. Тіпті арнайы білім мен тәжірибесі болмаса да. Ең бастысы, ниеті мен жұмысқа деген құлшынысы болуы тиіс, – дейді Арай Біләлова. – Бізде «Еңбек» бағдарламасы бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтіп, тіпті стипендия алуға болады. Біз тек оқытып қана қоймай, жұмысқа да орналастырамыз.
Қысқа мерзімді курстардан өткеннен кейін әйелдер тігінші, пішуші, кесте тігуші, тігін цехының шебері сияқты мамандықтарды ала алады. Қазіргі уақытта «Kazprotect» ЖШС-де он адам оқытудан өтіп жатыр.