Қарағанды облысында денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту жалғасуда

Қарағанды облысында денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту жалғасуда

Қарағанды облысында денсаулық сақтаудың материалдық-техникалық базасын нығайту және инфрақұрылымды жетілдіру жалғасуда. 7 жаңа медициналық нысанның құрылысы жүріп жатыр. Келесі жылы облыстық онкологиялық диспансердің операциялық-реанимациялық блогы мен облыстық клиникалық балалар ауруханасын пайдалануға беру жоспарлануда.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифингте Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаев мәлім етті.

Медициналық ұйымдарда жасанды интеллект ақпараттық жүйесі енгізілуде. Ол медициналық суреттерді автоматты түрде оқуға мүмкіндік береді.

Облыста 25 компьютерлік томограф жұмыс істейді, тағы алтауын сатып алу мәселесі пысықталуда. 364 вентилятор және 40 сандық рентген аппараттары бар.

Кадр мәселесі өңірге медициналық оқу орындарының түлектерін тарту және оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету арқылы шешіледі. Қазірдің өзінде 400-ге жуық жас маман жұмысқа орналастырылды.

Сондай-ақ, брифингте Денсаулық сақтау басқармасының басшысы өңірдегі эпидемиологиялық ахуал туралы да айтып берді. Қазіргі уақытта облыс КВИ бойынша «сары» аймақта орналасқан. Инфекциялық стационарларда 659 адам емделуде. Жан сақтау бөлімінде 35 пациент жатыр, олардың бесеуі ӨЖЖ-ға қосылған.

– Күн сайын инфекцияның 140–150 жағдайы тіркеледі. Пандемия басталғаннан бері 102 958-ден астам науқас тіркелді, оның ішінде 94 007 адам сауығып кетті, – деді Гамаль Тоқсамбаев.

Облыста вакцинация науқаны жалғасуда. Қазірдің өзінде 556 744 адам коронавирустық инфекцияға қарсы екпенің бірінші компонентін жасатты, екіншісімен 497 966 адам егілді. Вакциналар жеткілікті. Қарағандылықтар үшін «Спутник V», QazVac және Vero Cell вакциналары қолжетімді.