
«ЖОО үздік оқытушысы – 2021» республикалық байқауының жеңімпазы 6 миллион теңгеге жуық қаражат алады. Шараға қатысу үшін құжаттарды қабылдау қарашаның 1-нен 15-не дейін жалғасады.
Байқауға кемінде 5 жыл үздіксіз ғылыми-педагогикалық өтілі, оқытушылық және ғылыми қызметте жоғары жетістіктері бар ЖОО-ның штаттық оқытушылары қатыса алады.
Байқау екі кезеңмен өткізіледі – ЖОО ішіндегі және республикалық. Қатысу үшін өтінім мен құжаттар universitycontest.iac.kz ҚР БҒМ ақпараттық жүйесі арқылы электронды форматта қабылданады.
– Жоғары оқу орындарының қызметкерлері мен профессорлық-оқытушылық құрамынан құралған сарапшылар тобы келіп түскен барлық құжаттарға тексеру жүргізеді. Сараптау тобының қорытындысы негізінде ЖОО комиссиясы конкурсанттардың екінші – республикалық кезеңге қатысуы туралы шешім шығарады. Республикалық деңгейде комиссияға ҮЕҰ, БАҚ, студенттік және жастар ұйымдарының, ЖОО қауымдастықтарының өкілдері, сарапшылар енгізілді, – деп хабарлады ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.
Ақшалай көтермелеуден басқа, байқау жеңімпаздары төсбелгіге ие болады.
Байқау ақпараттық жүйе базасында өтеді, қатысушылар барлық кезеңдердің ашықтығын бақылай алады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ақпараты бойынша