
Қарағанды облысында осы жылы кемінде 70 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Онлайн режимінде өткен аппараттық кеңесте бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылғаны туралы айтылды.
– 9 айда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жұмыспен қамту шараларымен 32,6 мың адам қамтылды, оның ішінде 28 275-і жұмысқа орналастырылды. Мыңға жуық жас азаматтар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді оқыту курстарына жіберілді, ал түлектердің едәуір бөлігі жұмысқа орналасты, – деп баяндады жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова.
Ол жұмыс берушілер қандай мамандарға мұқтаж екенін нақтылады. Бұл слесарь-электриктер, газэлектрдәнекерлеушілер, фитнес-нұсқаушылар, механизаторлар, тракторшылар, от жағушылар, тәрбиешінің көмекшілері, тігіншілер, массаж жасаушы мамандар және т. б.
Облыста «Бастау Бизнес» жобасы да танымал. Кәсіпкерлік негіздеріне 1 745 адам оқытылды. Түлектер шағын несие немесе өз ісін ашуға гранттар алды. Облыста грант беруге қосымша қаражат бөлінді.
Мыңға жуық адам жастар тәжірибесіне, алты мыңнан астамы қоғамдық жұмыстарға жіберілді. 700-ге жуық адам әлеуметтік жұмыс орындарын алды.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу шараларының тиімділігін арттыруды тапсырды.