Қарағандылық құтқарушылар 1 қарашадан бастап жоғары дайындық режиміне көшеді

Қарағандылық құтқарушылар 1 қарашадан бастап жоғары дайындық режиміне көшеді

Қарағанды облысының ТЖД қызметтері 1 қарашадан бастап жоғары дайындық режиміне көшуі тиіс. Өңірде қысқы кезеңде халықты қорғау бойынша барлық шаралар кешені қарастырылған іс-шаралар жоспары бекітілді.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов мәлім етті.

– Тәжірибеге сүйене отырып, облыстың ұзындығы 705 км болатын 590 қар басып қалатын автожол учаскелері күшейтілген бақылауға алынады, ТЖ Департаменті қысқы жағдайда жұмыс істеу үшін жоғары өтімді және инженерлік техниканың 92 бірлігін дайындады. Жол талғамайтын көліктер, вахталық автомобильдер белсенді түрде іске қосылады. Жыл сайынғы тәжірибені есепке ала отырып, бұл техниканы Теміртау, Осакаровка, Молодежный, Ақсу-Аюлы, Жаңаарқа сияқты қар басатын бағыттар бойынша жайғастырамыз, – деп хабарлады спикер.

Сондай-ақ, ол азаматтық қорғау органдарының күштері мен құралдары қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға ден қоюға дайын екенін атап өтті. Бірақ тұрғындардың қауіпсіздік шараларын сақтауы өте маңызды.

– Дауылды ескертулер жарияланған кезде алыс қашықтықтарға, әсіресе тәуліктің қараңғы уақытында сапарлардан аулақ болуды ұсынамыз. Жүргізушілерге автожолдардың жағдайы мен жабылуы туралы ақпаратты қадағалау қажет. Оны біз барлық байланыс құралдары арқылы жеткіземіз, – деп атап өтті Мұрат Қатпанов.