Теміртаулық оқушы «Дарынды жас ғалым» байқауында бірінші орын алды

Теміртаулық оқушы «Дарынды жас ғалым» байқауында бірінші орын алды

Теміртау қаласындағы Тоқтар Әубәкіров атындағы гимназияның үшінші сынып оқушысы Александр Алиев жыл сайын ұйымдастырылатын республикалық «Дарынды жас ғалым – 2021» ғылыми-зерттеу жобалары байқауында бірінші орынды жеңіп алды. Оның динозаврлар туралы жұмысы «Дарын» номинациясында үздік деп танылды.

Бала 5 жыл бұрын динозаврлармен айналыса бастаған. Ата-анасы оның қызығушылығын қолдап, энциклопедиялар мен кітаптар, ойыншық кесірткелер сатып беріп отырған. Қазір Сашаның коллекциясында 100-ге жуық фигура бар.

– Ұлым 5 жылдан артық динозаврларға қызығушылық танытып келеді.  Осы ежелгі жануарлар туралы мәліметтерді кез келген ақпарат көздерінен жинайды, – дейді Сашаның анасы Елена Куропятникова. – Біз тіпті Египетте динозавр саябағына бардық. Онда үлкен фигуралар бар. Ол жерде Саша гидтен жан жақты ақпарат алды. Тәжірибелі гид динозаврлар туралы білген барлық білімімен бөлісті.

Саша үздік оқушылар қатарында. Математика мен ағылшын тілін жақсы көреді. Оның болашақа жоспары ауқымды. 6 жасына дейін ол премьер-министр болғысы келген. Енді президент болуды армандайды. Бірақ ең үлкен хоббиінің бірі – динозаврларды ұмытпақ емес.

– Сыныпта Сашаның хоббиі туралы барлығы біледі. Ол үнемі балаларға динозаврлар туралы жаңа нәрсе айтады, – дейді бастауыш сынып мұғалімі Ольга Штер. – Жоба идеясы жаратылыстану сабағында пайда болды. Біз «Қазақстан аумағында тіршілік еткен жануарлар» тақырыбын қарастырдық. Балалар біздің республика аумағында динозаврлар болды ма деген сұрақ қойды. Саша бұл сұраққа жауап іздеуге бірден талпыныс білдірді, сондықтан мен оған бұл туралы көбірек білуге тапсырма бердім.

Осылайша бір жыл бұрын жоба дүниеге келді. Мұғаліммен бірге Саша кітаптар мен интернеттен жауап іздей бастады. Алдымен қарапайым карта жасалды, онда динозаврлардың тіршілік ету ортасы белгіленді. Біз жоғары технологиялар әлемінде өмір сүріп жатқандықтан, онлайн-карта жасау туралы шешім қабылданды. Онда бір кездері Қазақстанда өмір сүрген динозаврлар орналасқан.

– Мысалы, Қарағанды облысының аумағында динозаврлар тұқымдасының ең ірі жыртқышы – тираннозавр немесе тирекс өмір сүрген, – деп түсіндіреді Ольга Штер. – Егер курсорды онлайн-картадағы кез келген динозаврлардың суретіне алып келіп, бассаңыз, ол туралы көптеген қызықты мәліметтер шығады. Саша екеуіміздің зерттеуіміз барысында жалпы Қазақстан аумағында динозаврлардың 10-нан астам түрін табуға мүмкіндік туды.

Жоба гимназиялық және қалалық конференцияларға қатысты. Ольга Республикалық байқау туралы біліп, өтінім жібергенін айтады. «Қазақстанда қандай динозаврлар өмір сүрді?» атты еңбегіміз қазылар алқасының тек қызығушылығын оятып қана қоймай, олардың жоғары бағасын алды. Осылайша бірінші орынға ие болдық.

Баланың таланты мен білімге ұмтылысы үшін арнайы диплом, сертификат және «Жас ғалым» төсбелгісі берілді. Жоба республикалық кітап-жинаққа енгізілді.

Қазіргі уақытта Саша Алиев мұғалімімен бірге жоба бойынша жұмысын жалғастыруда.