
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында «Қыран қанатты Қасым» онлайн-байқауының жеңімпаздары марапатталды. Шара Қасым Аманжоловтың 110 жылдығына және Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды.
– Біз кәсіби суретшілер мен қолөнер бағытындағы мұғалімдер арасында байқау өткіздік. Оған барлығы 21 суретші қатысты. Жұмыстар экспозицияға қойылған, олардың арасында диптих те, триптих те бар, – деді мұражайдың ғылыми қызметкері Назерке Жартын.
Барлық конкурстық жұмыстар Қасым Аманжоловтың шығармалары негізінде орындалған немесе оның өмірі мен қызметіне арналған.
Бірінші орынды кәсіби суретші Манат Аманбаев иеленді. Екінші орынды оқытушы Ерсін Темірғалиев иеленді. Үшінші орынды музей қызметкерлері – суретші-реставратор Серік Оразғұлов пен залдың қараушысы Мохубат Адыгезалов өзара бөлісті.
– Бұл картинаны мен байқау үшін жаздым. Мені Қасымның «Дүниеге келер әлі талай Қасым» атты өлеңі шабыттандырды. Онда ол болашақ ұрпаққа жүгінеді. Мен сурет бойынша бір ай жұмыс істедім, ақынның өмірбаянымен танысып, оның шығармаларын оқыдым. Біріншіден ақынды, ал портреттің артында оның өмірін суреттедім. Ол ерте жетім қалды, балалар үйінде тұрды, содан кейін Оралға оқуға кетті, сол жерде театр ашты, содан кейін соғысқа кетті. Мұның бәрі де суретте көрініс береді, – дейді Манат Аманбаев.
– Менің жұмысым «Қасым Аманжолов Оралда» деп аталады. Ол сол жерде жастық шағын өткізді. Мен ақынның жан жақты, сан қырлы екенін көрсеткім келді. Ол әр түрлі аспаптарда, соның ішінде скрипкада ойнады. Мен шығармамның фонында әртүрлі түстерді үйлестірдім, осылайша оның әмбебаптығын көрсеттім. Оның жастық шағын қайта жандандырғым келді, себебі сақталып қалған фотосуреттерінің көбісі оның өмірінің кейінгі жылдарында жасалғандар ғана, – деп Ерсін Темірғалиев суретті салу идеясымен бөлісті.
Байқау жеңімпаздарына дипломдар мен ақшалай сертификаттар табыс етілді. Байқауға қатысушылардың жұмыстарының көрмесі апта соңына дейін жалғасады.