
Қарағанды қаласының «Сарыарқа дарыны» балаларға арналған қосымша білім беру ғылыми-тәжірибелік орталығы ІV Республикалық «Менің кіші Отаным» зияткерлік байқауының облыстық кезеңін өткізді. Оған 60 оқушы қатысты. Олардың төртеуі бірінші орынға ие болды.
Онлайн-байқау ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналды.
«Қатысушылар жақсы нәтижелер көрсетті. Олар тест тапсырып, эссе жазды. Нәтижесінде І, ІІ, ІІІ орындар 47 оқушыға берілді. Төрт оқушы бірінші орын иеленді, олар облысты 3-5 қараша аралығында өтетін республикалық кезеңде облысымыздың намысын қорғайды», – деп хабарлады «Сарыарқа дарыны» РҒТО.
Бірінші орынға Саран қаласының №17 мектеп-гимназиясының оқушысы Александра Македонская, Қарағанды қаласының №97 гимназиясының оқушысы Анастасия Денисенко, Осакаровка №1 ЖББМ оқушылары Даниал Тканов және Ж. Сәдуақасов атындағы Жаңаарқа мектебінің оқушысы Еркеназ Елеусізова ие болды.
– Мен жеңімпаз атанғаныма өте қуаныштымын және қазіргі заманда әрбір адам өз туған жерін сүюі, оның тарихи және мәдени ерекшеліктерін білуі тиіс деп санаймын. Мен өзімнің туған Саран қаламды жақсы көремін және ол туралы көп білгім келеді. Мен «Өткенді білмейтін адамдардың болашағы жоқ» деген сөзбен келісемін. Өткенімізді біліп, керемет болашақ құрғанымызды қалаймын! – деді Александра Македонская.