
Саран қаласында жұмысшы мамандықтарының VIII өңірлік фестивалі өтті. Іс-шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтті. Шараны Саран қаласының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.
Биыл фестивальге Қарағанды облысының 12 колледжі қатысты. Шараға Қарағанды, Балқаш, Теміртау, Жезқазған, Абай, Саран, Шахтинск қалаларының оқу орындары ат салысты. Орта арнаулы оқу орындарының студенттері өздері оқып жатқан мамандықтар туралы болашақ мектеп түлектеріне айтып берді.
Екінші жыл қатарынан фестиваль онлайн форматта өтуде. Бірақ бұл ұйымдастырушыларға барлық қажетті жұмысшы мамандықтарды қамтуға кедергі келтірмейді.
– Фестивальдің басты мақсаты – жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру және жастар арасында шығармашылық бастамаларды дамыту, – дейді Саран қаласының Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Санди Мұстафина. – Қарағанды агротехникалық колледжін ерекше атап өткім келеді. Бұл жолы балалар өте қызықты бейнеролик жасап көрді.
Фестивальге қатысушылардың барлығы Саран қаласының әкімінен алғыс хаттар мен естелік сағаттар алды. Бұл сыйлық іс-шара үшін арнайы жасалған.