Қарағанды облысында медициналық сақтандыру есебінен балаларға бес жоғары технологиялық операция жасалды

Қарағанды облысында медициналық сақтандыру есебінен балаларға бес жоғары технологиялық операция жасалды

Қарағанды облысында 2021 жылдың басынан бастап бес балаға жоғары технологиялық операциялар, оның ішінде жүрекке және миға ота жасалды. Операцияларды №2 көпбейінді аурухананың (кардиохирургиялық орталық), проф. Х. Ж. Мақажанов атындағы көпбейінді аурухананың және облыстық балалар клиникалық ауруханасының хирургтары орындады.

Туа біткен жүрек ақауы бар екі балаға №2 көпбейінді ауруханада ота жасалды. Мұндай патологиямен баланың артерияларында веноздық қан ішінара айнала бастайды, бала «көгере» бастайды және өкпеде іркілу пайда болады.

Балалар кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі Жанат Болатбекұлының айтуынша, бұл жаңа туған нәрестелердің ауыр дерті. Бұл ретте өмірдің алғашқы 2-3 аптасында әрекет ету маңызды.

– Бірақ балалар бізге 3–4 айда келді. Егер операция жасалмаса, ауыр пневмония дамиды және жүрек жеткіліксіздігі басталады, – дейді Жанат Болатбекұлы.

Әр операция шамамен үш сағатқа созылды. Ол аяқталғаннан кейін қан айналымының екі бөлінген шеңбері бойынша қалыпты қан айналымы қалпына келеді.

Операциядан кейін балалар тағы бір айға жуық жан сақтау бөлімінде болды. Содан кейін оларды оңалту емі және кардиолог пен педиатрдың бақылауы күтеді. Дәрігерлердің барлық ұсыныстарын орындаған кезде балалар қалыпты өмір сүре алады.

Әрбір осындай хирургиялық әрекет үшін медициналық сақтандыру қоры 2,4 млн теңге жұмсады. Жыл басынан бері облыс хирургтері балаларға бес жоғары технологиялық ота жасады, олар үшін медициналық сақтандыру қоры 7,2 млн теңге төледі.

Медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалы баспасөз қызметінің ақпараты бойынша