Жезқазғанда бизнесті қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы тексерілді

Жезқазғанда бизнесті қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы тексерілді

Жезқазғанға жұмыс сапарымен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту Қоры аймақтық филиалының директоры Гүлнар Сүйіндікова келді. Ол бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларының жүзеге асырылу барысымен танысты, сондай-ақ қаланың бірқатар кәсіпорындарын аралады.

Жұмыс сапары барысында Гүлнар Сүйіндікова темірбетон бұйымдары мен құрылыс материалдарын шығаратын «ЖезТемирБетон» ЖШС зауытында, облыстағы жеңіл өнеркәсіптің жетекші кәсіпорындарының бірі – «ЮТАРИЯ LTD» ӨИК» ЖШС-де, ауыр жағдайларда жұмыс істейтін тау-кен өндіру және арнайы техникаға сүзгілер шығаратын «Казтехфильтр» ЖШС-де болды. Олардың барлығы мемлекеттік қолдауға ие болды.

Айта кету керек, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасын жүзеге асыру кезеңінде Жезқазғанда жалпы несие сомасы 1,6 млрд теңгені құрайтын 103 субсидиялау шарты жасалған.

Ішінара кепілдік бойынша да өсім байқалады. «БЖК-2025» бағдарламасын іске асыру кезеңінде кәсіпкерлердің 106 жобасы жалпы несие сомасы 2,2 млрд теңгеге кепілдік алды.

«Даму» Қоры «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қаржылық қолдауды іске асыру мен мониторингілеуді (кәсіпкерлердің несиелері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау, кәсіпкерлердің банктер алдындағы несиелеріне кепілдік беру) жүзеге асыратын қаржы агенті болып табылады.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қарағанды облысы бойынша аймақтық филиалының баспасөз қызметінің хабарлауынша