Өрт сөндіруші-құтқарушы Қарағандыда ат әбзелдерін әзірлеуде

Өрт сөндіруші-құтқарушы Қарағандыда ат әбзелдерін әзірлеуде

Қазіргі таңда сирек кездесетін кәсіпті қарағандылық өрт сөндіруші-құтқарушы Бағлан Мырзаханов әкесінен үйренген. Қызметтен бос уақытында ол былғарыдан ер-тоқым, үзеңгі, жүген, ауыздық, мойын жіп, айыл және тағы басқаларын жасайды. Әр нәрсені ұлттық стильде жасауға тырысады.

Азаматтық қорғау кіші сержанты №11 өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істейді. Қиын қызметке қарамастан, ол хоббиі үшін уақыт табады.

– Мен қазақтың ұлттық құндылықтарын жас ұрпақ ұмытпағанын қалаймын. Бос уақытымда атқа мінуге арналған жабдықтар жасаумен айналысамын. Әкем бала кезінен бізді ат әбзелдерінің ерекшеліктерімен таныстырды, – дейді шебер.

Бағлан жылқыларды өте жақсы көреді. Ол ауылда ерте жастан атқа мініп өскен, сондықтан шабандоз үшін сапалы ат әбзелінің қаншалықты маңызды екенін жақсы біледі.

– Бір ер-тоқымның толық өндірісі шамамен бір айға созылады. Мен оны ұлттық нақышпен, ою-өрнекпен мінсіз етуге тырысамын. Ал қамшы жасау үшін 2-3 күн қажет. Атпен жүру өте ыңғайлы болуы керек, бұл қолдағы қамшыға да байланысты, – дейді қолөнерші.

Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметінің ақпараты бойынша