Қарағанды облысында су бөгеттерін жөндеу және салу бойынша жобалар пулы дайындалуда

Қарағанды облысында су бөгеттерін жөндеу және салу бойынша жобалар пулы дайындалуда

Қарағанды облысында бүгінде 262 гидротехникалық құрылыс жұмыс істейді, оның 44-і коммуналдық меншікте. Жаңа экологиялық кодекстің талаптарына сәйкес бірқатар табиғат қорғау іс-шаралары жоспарлануда. Су қоймаларын күрделі жөндеу және жаңа бөгеттер салу бойынша жобалар пулы дайындалуда.

Су шаруашылығы құрылыстарын дамыту әлеуеті онлайн режимде өткен аппараттық кеңесте талқыланды.

- Осы жылдың маусым айында Абай ауданының «Топар» бөгетіне күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта облыстық бюджет қаражаты есебінен Шалғы және Саран су қоймаларын күрделі жөндеу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Бұл жобаларды іске асыру 2022 жылға жоспарланған, - деді Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсет Тазабеков.

Оның айтуынша, облыстық бюджеттен Осакаров ауданының Үлкен-Құндызды өзенінде Садовое су қоймасының құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Бұл жобаны іске асыру жерді суару жүйесін қалпына келтіру үшін қажет.

Бұқар Жырау ауданында суару жүйесінің құрылысы жоспарлануда. Жобаны іске асыру Шешенқара ауылдық округіндегі 1200 га жерді суаруға мүмкіндік береді.

- Гидротехникалық құрылыстарды күтіп ұстауға байланысты мәселе өте маңызды және үнемі бақылауды талап етеді, - деп атап өтті өңір басшысы Жеңіс Қасымбек. - Су тасқыны жағдайы да осыған байланысты. Сонымен қатар, біз суармалы жерлерді ұлғайтамыз.