
Қостанайда "2021 жылдың үздік педагогы" республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Лауреаттарға марапаттарды ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов тапсырды. Атаққа Қарағанды облысының үш мұғалімі ие болды.
Қостанайда салтанатты іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, көрнекті педагог-ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығын мерекелеу аясында ұйымдастырылды. Оған елдің үздік мұғалімдері шақырылды.
Биыл республикалық байқауға 173 өтінім келіп түсті. Байқау комиссиясы "Үздік педагог" атағының 64 иегерін анықтады (https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/documents/details/216696?lang=ru).
Марапатталғандардың ішінде:
- Әйгерім Бөлкенбаева, Шет ауданының Жамбыл Ақылбаев атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі;
- Татьяна Хорошилова, Қарағанды қаласы Нүркен Әбдіров атындағы жалпы білім беретін мектептің математика және информатика пәнінің мұғалімі;
- Перизат Данибекова, "Қазақмыс" Корпорациясының политехникалық колледжінің электротехникалық пәндер оқытушысы (Балқаш қ.).
Жеңімпаздарға "Үздік педагог" төсбелгісі мен 3 млн теңге ақшалай сыйлық табыс етілді.