
Қазақстанда арнаулы әлеуметтік қызметтер енді жалғыз басты зейнеткерлерге ғана емес, қиын жағдайдағы және отбасы ішіндегі жанжалдарға байланысты жақын туыстарының көмегінсіз қалған қарт адамдарға да үйде көрсетілетін болады.
Бұл өзгерістер "Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар қызметінің қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2018 жылғы 29 тамыздағы №379 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығында көзделген.
Сондай-ақ, құжатқа барлық медициналық-әлеуметтік мекемелерде бейнебақылау камераларын міндетті түрде орнату туралы өзгерістер енгізілді. Камералар ұйымға іргелес жатқан аумақтың периметрі бойынша, негізгі және қосалқы кіреберістердің жанында, сондай-ақ үй-жайлар мен жалпы пайдалану кабинеттерінде орнатылады. МӘМ-дегі адамдардың туыстары мен жақындары жазбаларды көруге қол жеткізе алады.
Бұдан басқа, құжат қажет болған жағдайда медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын барлық адамдардың интернетке қол жеткізуін қамтамасыз етуді реттейді.
Айта кету керек, халықты әлеуметтік қорғау жүйесінде 23 мыңнан астам адамды қамтитын 113 стационарлық үлгідегі МӘМ жұмыс істейді.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің ақпараты бойынша