
Қарағандыдағы Бобруйская көшесі тұрғындарының үйлері орталық жылуға қосылды. Көптеген жылдар бойы адамдар пәтерлерін негізінен пешпен жылытып келген.
Жоба Қарағанды облысының әкімдігімен қолдау тауып, "Нұрлы жер" және "ТКШ-ны жаңғырту" мемлекеттік бағдарламалары бойынша қаржыландырылды.
– Біздің үйлер облыс әкімдігінің қолдауымен орталық жылуға қосылды. Енді бізде жылу ғана емес, ыстық су да болады. Мемлекеттің қолдауының арқасында пәтер ішіндегі кұбырлар үшін төлем бөліп-бөліп төленеді. Негізінен бізде зейнеткерлер тұрады, олар мұндай қомақты соманы бірден төлей алмайды. Біз үшін бұл үлкен көмек, – деп атап өтті Бобруйская көшесінің тұрғыны Бейбіт Жұмабеков.
– Барлығы бес үйді қосамыз – 102 пәтер. Сонымен қатар "Теплотранзит" жұмыстарын жүргізеді. Ұйым орамішілік желілер жүргізеді – әрбір үйді орталық магистральға қосады, – деді Қарағанды облысының тұрғын үй қорын жаңғырту орталығының директоры Данияр Дүйсенбаев.
Мердігерлік ұйымдар пәтер ішіндегі және үй ішіндегі инженерлік коммуникацияларды монтаждауға кірісті.
– Әрбір пәтерге жылу мен ыстық су жеткіземіз. Пәтерлерге өткізілген құбырлар шыны талшықпен арматураланған. Сонымен қатар биметалды радиаторлар пайдаландық. Олар өте сапалы. Біз сондай-ақ жертөле құбырларын өткіземіз. Автоматтандырылған жылу пунктін де орнатамыз, – дейді "СпецСтройГрупп" ЖШС мердігерлік ұйымының басшысы Руслан Ахымбеков.
Естеріңізге сала кетейік, Бобруйскаядағы үйлер 70-ші жылдары автокомбинатпен салынған болатын. Бұрын оларды қазандық жылытқан. Кәсіпорын жабылғаннан кейін қазандық сатылды. 90-жылдардың аяғынан бастап тұрғындардың әрқайсысы үйлерін өз мүмкіндігінше жылытып келді.