
Теміртау қалалық тарихи-өлкетану мұражайында ел Тәуелсіздігінің және Тоқтар Әубәкіров атындағы гимназияның 30 жылдығына арналған "Алғашқылар" экспозициясы ашылды.
Экспозицияда гимназияның қалыптасуы мен оның қазіргі өмірімен байланысты фотосуреттер мен деректі материалдар ұсынылған. Сондай-ақ, экспонаттардың ішінде оқу орнының мұғалімдері мұражайға тапсырған 90-шы жылдардағы мектеп құралдары бар.
"Біз Теміртауда алғашқы инновациялық оқу орнын құруға қатысы бар педагогтарды экспозицияның ашылуына шақырдық. Көрме қонақтары 90-шы жылдары мектеп-гимназия сыныбының үзіндісін бейнелейтін арнайы құрылған фотоаймақта естелік суретке түсе алады", – деді мұражайда. Экспозиция 15 қазанға дейін жалғасады.
Айта кетейік, гимназия 1991 жылы 23 қыркүйекте ашылды. Сол жылдың күзінде оған Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров келді. Осыдан кейін оқу орнына оның есімі берілді.
Қазіргі таңда Тоқтар Әубәкіров атындағы гимназия мектепке дейінгі шағын орталық, гимназия мен көпсалалы колледжді қамтитын білім беру кешені болып табылады. Ол Теміртаудағы ең мықты оқу орындарының бірі болып саналады. Оның оқушылары – халықаралық және республикалық олимпиадалар мен конкурстардың жеңімпаздары.