
«Бояулар құпиясы» республикалық жас суретшілер байқауының қорытындысы шығарылды. Қарағанды облысынан сегіз суретші қатысып, олардың екеуі жүлделі орындарға ие болды.
Биылғы жылы байқау Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында өткізілді – жас суретшілер «Тәуелсіз Қазақстан – балалар көзімен» ұранымен жұмыстарын ұсынды.
Байқауға 136 бала қатысты.
– Республикалық кезеңнің қорытындысы бойынша Жезқазған Балалар өнер мектебінің сегізінші сынып оқушысы Аяла Қуаныш «Жас суретші» номинациясында бірінші орынға ие болды. Ал Қарағандының №2 лицейінің оқушысы Яна Иваночкина «Коллажда» екінші болды, – деді «Сарыарқа дарыны» балаларға арналған қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығының әдіскері Гүлназ Мананбаева.
Байқау жеңімпаздары дипломдар мен сыйлықтармен, жетекшілері алғыс хаттармен марапатталды.
«Бояулар құпиясы» байқауы жыл сайын өткізіледі, ұйымдастырушы – ҚР БҒМ ҚББРОӘО.