
Қарағанды облысында медициналық кадрлардың тапшылығы төмендеуде. Бұған жас мамандардың тұрғын үй мәселесін шешу ықпал етеді. Алдағы жылдары үш жүзден астам дәрігерді тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда.
– Биыл Қарағанды медициналық университетінің 597 түлегі жас мамандар қатарын толықтырып, облыс клиникаларында жұмыс істейтін болады. 2023 жылдың соңына дейін біз олардың 300-ден астамын тұрғын үймен қамтамасыз етуге тырысамыз. Жақында біз Теміртауда пәтер кілтін табыс еттік. Онда дәрігерлерге арналған 86 пәтерлі үй пайдалануға берілді. Осылайша мәселе Приозерск қаласында да шешілуде. Сондай-ақ, Қаражалда 12 пәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған, – деді Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаев Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен онлайн-брифингте.
Айта кету керек, облыста "Жұмыспен қамту жол картасы" мемлекеттік бағдарламасы бойынша облыстық онкологиялық диспансердің операциялық-реанимациялық блогын, Майқұдық және Сұрыптауда жедел медициналық жәрдем қосалқы станцияларын, позитронды-эмиссиялық компьютерлік томография ғимаратын, Қарағандының №1 көпсалалы ауруханасы жанындағы қабылдау-диагностикалық бөлімшесін салу жалғасуда. Бұдан басқа, 200 төсектік облыстық көпбейінді балалар ауруханасының құрылысы аяқталуда.
"Ауыл – Ел бесігі" республикалық бағдарламасы аясында Нұра ауданының Кертінді ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП) ашылады. Облыс бойынша 2024 жылға дейін барлығы 32 ФАП салу жоспарлануда.