
Қарағанды облысында жастарға экологиялық білім беру мен ағарту бойынша «ЭкоЖастар» мектебі жобасы іске қосылды. Жобаның басты ұйымдастырушысы Қарағанды облысының білім басқармасының қолдауымен «Новое Время» ЖМ болып табылады.
Жоба «Шеврон» компаниясы мен Орталық Азия Еуразия Қорының қолдауымен Qolda 3.0 шұғыл көмек бағдарламасы шеңберінде іске асырылуда.
Мектепте Қарағанды облысының колледждері мен жоғары оқу орындарының студенттері арасынан экоеріктілер мен экотренерлер дайындайтын болады.
– Бала кезден бастап экологиялық ойлауды қалыптастыру керек. Ал балалар кімге құлақ асады? Әрине, өз тілінде сөйлейтіндерге. Бұл жастар. Өз кезегінде біз жастардың көшбасшылық қасиеттерін дамытып, оларды шешендік өнерге үйрететін боламыз, – дейді жоба жетекшісі, «Новое время» ЖМ директоры Гүлнар Жақсыбаева.
Жобаға жастар, әлеуметтік және экологиялық жобаларды жүргізуде мол тәжірибесі бар сертификатталған сегіз жаттықтырушы қатысады. Олар студенттермен онлайн режимінде білім мен тәжірибе алмасады. Сондай-ақ сарапшылармен кездесулер, тәжірибелі шеберлік сабақтары, экомарафондар мен сенбіліктер өткізіледі.
Оқу қазақ және орыс тілдерінде өтеді. Теориялық білімдерден басқа, қатысушылар тағылымдамадан өтеді. Эковолонтерлер мен экотренерлер оқушылар мен студенттерге арналған іс-шаралар мен тренингтерді ұйымдастырушылар рөлінде өздерін сынап көреді.
– Біз деңгейлердің сабақтастығын жасағымыз келеді: мектепке дейінгі мекемелер, мектептер, колледждер, ЖОО-дар, - деп түсіндіреді Гүлнар Жақсыбаева. – Курс бес аптаға есептелген (аптасына екі тренингтен), бір ай тағылымдамаға бөлінеді. Сонымен қатар, біз үздік тренингке байқау өткіземіз. Жеңімпаздарды сыйлықтар күтеді.
Оқыту 20 қыркүйекте басталады. Эковолонтерлар қабылданып қойған, экотренерлер мектебіне өтінімдерді қабылдау жалғасуда. Жобаның Instagram-дағы @zhana_uakyt ресми парақшасында барлық мәліметтер келтірілген.