
Қарағандының Назарбаев Зияткерлік мектебінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Жасампаздық пен дамудың 30 жылы» атты іс-шара өтті. Ашық сабаққа тікелей эфирде облыстың 95 жетекші мектебінің 3 мыңға жуық оқушысы қатысты.
Іс-шара бір мезгілде Қазақстанның барлық НЗМ-де өтті. Онда елдің тәуелсіздігі, Республиканың қалыптасуындағы Тұңғыш Президенттің рөлі, сондай-ақ мемлекеттің соңғы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық жетістіктері туралы айтылды.
Сондай-ақ, оқушылар Тәуелсіз Қазақстанның құрдастары, зияткерлік мектеп мұғалімдерінің бейне сұхбаттарын тыңдады. Солардың бірі – Қарағанды НЗМ химия пәнінің мұғалімі Инабат Хамитова. Қазір ол Америкада «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқиды.
– 30 жыл ішінде біз түрлі салалардағы үлкен өзгерістердің куәсі болдық. Олардың ішінде білім мен ғылымды, Назарбаев Зияткерлік мектептері, Назарбаев Университеті, «Болашақ» бағдарламасы сияқты жобаларды бөліп көрсетуге болады. Қазір мен «Болашақ» бағдарламасы бойынша Пенсильвания университетінде химия магистрі дәрежесін аламын. Бұл Қазақстан тәуелсіздігінің арқасында мүмкін болды, – дейді Инабат Хамитова.
Зияткерлік мектеп оқушылары білім мен ғылымның ел дамуында үлкен рөл атқаратынына сенімді.
– Болашақта мен ядролық физика саласында маман болып, өз білімім мен ресурстарымды мемлекетіміздің игілігіне пайдаланғым келеді, – дейді Қарағанды НЗМ 12-сынып оқушысы Нұрасыл Жұмабаев.
Ашық сабақ Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Біржан Әлімжановтың және білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының директоры Бақытгүл Әбдікерованың қатысуымен өтті. Іс-шара соңында қонақтар оқушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді.