Абай ауданының жас кәсіпкерлері бизнесін дамытуға гранттар алды

Абай ауданының жас кәсіпкерлері бизнесін дамытуға гранттар алды

Абай ауданында сарымсақ өсіруге арналған жылыжай, көкөністерді қайта өңдеу және мұздату цехы, шағын сүт фермасы, шаштараз пайда болады, сондай-ақ «Сүт өнімдері» жобасы іске асырылады. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер өз бизнесін дамытуға гранттар алды. Қаржылай қолдауды Абай қаласының бес тұрғыны иеленді.

Биыл ауданда кәсіпкерлікті қолдауға 5 миллион теңге бөлінді.

– Конкурс аясында 31 адам оқытудан өтті. Оның ішінде бірінші кезеңге 14 қатысушы өтті. Екінші турға комиссия 10 бизнес-жобаны іріктеп алды. Финалда бизнес-идеяларды жүзеге асыруға гранттар тапсыру үшін 5 жоба таңдалды, – деді Абай ауданының жастар ресурстық орталығының жетекшісі Ольга Куку.

Есенгелді ауылының 28 жастағы тұрғыны Елена Вдовикова бизнесті дамытуға грант қаражатын алды. 2019 жылы ол шаруа қожалығын құрып, ауылдастарын қамтамасыз ететін шөп пен жемшөп дайындаумен табысты айналысады. Биыл ол алғаш рет гранттар байқауына қатысып, бизнесті дамытуға 900 мың теңге алды. Болашақта ол шағын сүт фермасын ашуға ниетті.

– Мен байқауға қатысып, оқудан өткеніме қуаныштымын. Мен басында бизнес-жоспар құруды білмедім. Мамандар барлық нәрсені үйретті, өзіме деген сенімділігім артты. Бұл байқау – ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін тамаша мүмкіндік, – деп атап өтті Елена Вдовикова.