
Қарағандыда өрт сөндіру-құтқару спортынан ерелер арасында XVI әлем чемпионаты және әйелдер арасындағы VII әлем чемпионаты аяқталды. Жарыс қорытындысы бойынша жалпы есепте әйелдер мен ерлер арасында Беларусь құрамасы әлем чемпионы атанды. Қазақстанның ерлер командасы жауынгерлік қанат жаю жарысында жеңіске жетті.
1–5 қыркүйек аралығында «Шахтер» стадионында кәсіби спорт түріндегі біріншілікте тоғыз елден 14 команда жарысты. Өрт сөндіруші-құтқарушылар шабуыл сатысымен көтерілу, 100 метрлік кедергілер жолағынан өту, жауынгерлік қанат жаю және 4-тен 100 метрге дейінгі өрт эстафетасында шеберліктері мен дағдыларын сынап көрді.
Жарыс қорытындысы бойынша әйелдер арасындағы жалпы есепте Беларусь құрамасы әлем чемпионы атанды. Екінші орынды ресейліктер иеленді. Үздік үштікті Чехия құрамасы тұйықтады.
Ерлер арасында Беларусь құрамасы әлем чемпионы атанды. Екінші орында Чех Республикасының командасы. Үшінші орын Ресей құрамасына бұйырды.
Жеке және командалық сынақтарда жеңімпаздар медальдармен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Чемпион-командаларға кубоктар табыс етілді.
Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша келесі Әлем чемпионаты 2022 жылы Самарқандта (Өзбекғстан) өтеді деп жоспарланып отыр. Қазақстан құрамасы Өзбекстандағы әріптестеріне өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың Халықаралық спорт федерациясының туын табыс етті.
ҚР ТЖМ баспасөз қызметінің ақпараты бойынша