
Қарағандыда «Мәңгілік алау» мемориалында жөндеу жұмыстары басталды. Мәдениет және демалыс саябақтары басқармасында әскери даңқ ансамблінің қалай жаңартылатыны туралы баяндады.
- Бұл ағымдағы жөндеу. Мәрмәр тұғырдан толығымен қаптау алынып тасталды. Оның бетін жұмысшылар қайта түзейді. Зақымдалған плиталар жаңасына ауыстырылады. Екі тілдегі «Батырларға мәңгілік даңқ» жазуы өзгеріссіз қалады - әріптер тазаланып, қайта орнатылады, - деп түсіндірді мәдениет және демалыс саябақтары басқармасы жетекшісінің орынбасары Талғат Смайылов.
Мыс барельефі жөндеуді қажет етпейді. Ал жұлдызға аз ғана әрлеу қажет, дәнекерлеу жұмыстары металл бетінде жүргізілетін болады. Ол үшін алау біраз уақытқа сөндіріледі.
Мердігер мемориалдағы жөндеу жұмыстарын қыркүйек айының соңына дейін аяқтауға уәде берді.
Қарағандыда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 30 жылдығына орай 1975 жылы «Мәңгілік алау» мемориалы орнатылды. Жоба авторлары: мүсінші Жеңіс Молдабаев пен сәулетші Нұрбақыт Қойшыбеков. Кешен Қарағанды облысының жергілікті маңызы бар тарих пен мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілген. Сәулеттік ансамбльді қалпына келтіру жұмыстары 2014 жылы жүргізілді.