
Жаңаарқа ауданының Айнабұлақ ауылында су құбырын қайта жаңарту жобасы аяқталуда. Ұзақ уақыт бойы тұрғындар орталық ұңғыманың суын пайдаланып келді.
- Бұрынғы ауылдық су құбыры 1998 жылы істен шыққан. Биыл аудандық бюджеттен ұзындығы 4 шақырым болатын ескі құбырды алып тастап, орнына жаңасын төсеуге қаржы бөлінді. Жақын арада су әр үйге жеткізіледі. Айнабұлақта барлығы 54 аула бар, онда 2-3 отбасы тұрады, - деді Айнабұлақ ауылдық округінің әкімі Жанғозы Әдікамов.
Сондай-ақ, ауыл ішіндегі жолдар да жақсартылды. Айнабұлақта үш көше асфальтталды. «Қарағанды – Самарка – Атасу – Айнабұлақ» жолының ұзындығы 15 шақырым болатын бір учаскесіне де асфальт төселді.
Жаңаарқа ауданы Қызылжар ауылында да қалыпқа келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Мұнда бес көшенің жолдары ретке келтірілді.
- Қызылжар кенті дамыған ауылдар санатына кіреді. Қазір онда әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мәдениет үйі түбегейлі өзгерді – қасбеті мен ішкі бөлмелері жаңартылды, шатыры ауыстырылды, - деп атап өтті Түгіскен ауылдық округінің әкімі Саят Сәлкебаев.
«Ауыл - Ел бесігі» арнайы жобасы аясында Қызылжарда хоккей корты салынып, фельдшерлік-акушерлік пунктке күрделі жөндеу басталады.