Қарағандылықтар ММА бойынша Еуропа чемпионатында алтын және қола медаль жеңіп алды

Қарағандылықтар ММА бойынша Еуропа чемпионатында алтын және қола медаль жеңіп алды

Қарағандылық Данил Губин мен Аңсар Қасымжанов ММА бойынша Еуропа чемпионатының жүлдегерлері атанды. Олар қоржындарына алтын мен қола медаль салды.

Ресейдің Қазан қаласында 18-20 жас аралығындағы жастар мен 21 жастан асқан ересектер арасында ММА бойынша Еуропа чемпионаты өтті. Оған 14 елден 252 спортшы қатысты. Құрлықтық біріншілікте Қазақстанның намысын ұлттық құраманың 27 мүшесінен құралған команда қорғады, олардың арасында екі қарағандылық бар.

– Мен ММА-мен алты жасымнан бері айналысып келемін. Қазір мен 19 жастамын. Бұл чемпионат мен үшін оңай болған жоқ, себебі қолымдағы жарақатыма қарамастан өнер көрсеттім. Мен ол жарақатты үйде алдым, сайысқа ұшар алдында. Бірақ бұл лайықты өнер көрсетуге кедергі болмады. 77,1 келіге дейінгі жартылай орта салмақтағы дәреже бойынша финалда мен Алматы облысынан келген Досжан Кенжебаевпен жұдырықтастым. Жекпе-жек өте мықты болды. Мен сәл ғана артықшылықпен жеңдім, – деді Данил Губин.

Қазақстан құрамасы үш алтын, жеті күміс және сегіз қола медаль жеңіп алып, жалпы есепте үшінші орынға ие болды.